Республика қозғалысының Манифесті

Халық деген кім? Бәріміз. 
Саяси тұрғыда халық кім еді? Ешкім де. 
Енді кім болғысы келеді? Күшке айналғысы келеді.

Шындықтың бетіне тура қарайықшы, халқымыз қандай күйде өзі? Иә, соңғы кездері азаматтық белсенділік артып келеді, дегенмен бізді әлі талай өзгеріс күтіп тұр. Яки халық азат болмай, азат ұлтты елестету мүмкін емес. Азаттық деген – привилегия я артықшылық емес, ол бәрімізге ортақ тең құқық.

Халық – бір жерде және бір жүйеде өмір сүретін азаматтар тобы. Ал бір елде тұрып, артық құқығы мен ерекше мәртебесі бар топтар болса, олар халықтан алыстап кетеді, оларды халық дей алмаймыз. Біртұтас ұлттың белгісі – бәріне ортақ тең құқық пен биліктің әр сатысын халықтың бақылай алуы. Бәріңіз білетіндей, Қазақстанда әлсіз топтар заңмен қорғалған. Бірақ ол ештеңеге кепіл бола алмайды. Егер сіздің артық привилегияңыз я биліктегілермен байланысыңыз болмаса, онда көрген күніңіз – құқығы тапталған кедейдің қамы. Билікпен, ықпалды шенеуніктермен ауыз жаласпасаңыз – сізді ешкім арашалап қала алмайды.

Қазір Қазақстанда халықтың рөлі қандай өзі? Парламентте отырған «халық өкілдері» кімдер? Олар – олигархтар мен ықпалды шенеуніктер. Ол «өкілдерді» тағайындауға халық араласпады, оларды халық таңдамады, сәйкесінше олар халыққа есеп бермейді. Ал заң шығару өкілеті бар парламентті халықтың мұң-мұқтажын жеткізуші деп атасақ, онда біздің елде олигархиялық басқару жүйесі қалыптасқан. Парламентінде олигархтардың өкілдері мен зейнет жасынан асқан шенеуніктер отыратын елді басқа қалай атауға болады?

Халықтың мұң-мұқтажын соңғы жылдардағы митингілер мен протестер санынан, үкіметтің табалдырығын тоздырып жүрген халықтың үнінен байқауға болады. Біздің халық өз қалауын жеткізуге қауқарлы күшке айналғысы келеді. Халық өзінің шынайы өкілдерін парламентте, жергілікті мәслихаттарда көргісі келеді. Халық мұң-мұқтажын түсінетін, мүддесін қорғай алатын, өз арасынан шыққан депутаттардың болғанын қалайды. Қазіргі биліктегі олигархиялық топты алаңдатып отырған талап – осы ғана. Олардың алаңдайтын жөні бар. Себебі бұндай талаптар басқару жүйесіндегі олиграхтардың ғана мүддесін қорғайтын әділетсіздіктің тамырына балта шаба алады.

Билік олиграхтардың да, шенеуніктердің де, халықтың да құқығы тең дегенді үнемі айтады. Егер бәрінің құқығы тең болса, онда билік неге халықтың талабын орындаудан қашқақтайды? Егер бәрінің құқығы тең болса, онда билік неге халықтың саяси мүсәпір күйден оянуына кедергі жасайды? Билік елдегі заңсыздықтар мен әділетсіздіктер бар екенін мойындаса, онда сол әділетсіздіктен пайда көріп отырған адамдар мен одан зардап шегіп отырған адамдардың құқығы қалай тең болатынын түсіндіріп көрсін.

Бәрі тең құқылы дейік, ал. Онда неге тең құқылы халық өкілдерін маңызды лауазымдардан байқамаймыз? Тіпті қабылданған заңдардың өзі биліктің айналасында жүргендер мен олигархтарға ғана тиімді. Ол заңдарды кімнің пайдасы үшін қабылдады? Әрине олигархтар мен шенеуніктердің пайдасына. Ал ол заңдар кімге қарсы? Өз халқына қарсы. Сөйте тұра, халықтың риза әрі бейқам болғанын қалайды.

Енді не істеуге болады?

Конституцияға қатысты проблемаларды шешудің кез келген ұлтқа тән бір ғана жолы бар – биліктің емес, халықтың әрекет етуі. Қазіргі билік айтып отырғандай, бізде конституция бар болса, бірақ ол таңдаулы адамдар мен ат төбеліндей ғана топтың мүддесін қорғаса, ондай конституцияны қайта қарап, өзгерту керек. Оны кім шеше алады?

Оны біртұтас ұлт шеше алады. Ұлттың еркі – заңнан жоғары, оның айтқаны – заң. Ұлттың еркінен жоғары тұрған – адамдардың табиғи құқықтары ғана. Бірақ біз ұлтқа не керегін қайдан білеміз? Тек шын мәніндегі әділ сайлау өткізу арқылы ғана біле аламыз.

Халықтың шынайы өкілдері отырған парламент қана – елді тыныштандырудың жолы. Қазақстан халқы өз құқығын біліп, оны жүзеге асырғысы келеді. Себебі саяси құқықтар – азаматтық құқықтар мен бостандықтардың жалғыз кепілі.

Ат төбеліндей аз ғана топқа ғана емес, бәріне тең берілген мүмкіндік барлық азаматтың еркіндігіне кепіл бола алады. Сонда ғана ұлттық ерік пайда болады. Билік және халық болып, екіге жарылған ел тұтастығын сақтай алмайды. Ондай ел алысқа бармайды.

Енді о бастағы сұрағымызға оралсақ. 
Қазақстан халқы деген кім? Қазірге – ешкім емес. 
Бірақ кім болғысы келеді? Біртұтас ұлт болғысы келеді.