9.11 күнгі митинг қорытындысы

9 қараша күні Республика қозғалысы рұқсат етілген митинг ұйымдастырды. Митинг тақырыбы “Парламенттік Республиканы талап ету” деп бекітілді. Митинг 14:00-16:00 аралығында, Астанадағы Жерұйық паркінде өтті.. Қозғалыс мүшелері сағат 13:30 арасында митингке қажет құрылғыларда дайындап қойды. 13:00 ден кейін әр түрлі БАҚ өкілдері, азаматтық қозғалыс өкілдері және әкімшілік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері  келе бастады. Жиналғандар саны 120-150 адам шамасында болды. Митингіде сөйлейтін спикерлерге ешқандай шектеу қойылған жоқ, тақырыптар аясы парламенттік республика, билік тармақтарының тәуелсіздігі, жергілікті әкімдерді халықтың сайлауы, құқық қорғау органдарының халық мүддесіне қызмет етуі, азаматтардың еркіндіктері мен құқықтарының қорғалуы. Сонымен қатар, ашық микрофон ұсынылып, жиылған көпшіліктен сөйлеуге ниет білдіргендерге де мүмкіндік берілді. 

Сурет Darkhan Omirbek парақшасынан алынды

Атқарушы билік тарапынан микрофонға “ие болу”, құқық бұзушылық үшін жауапкершілік көтеретініміз қайта-қайта ескертіліп отырды. Дегенмен сөйлеймін деген адамдардың барлығына микрофон берілді. 

Сурет Darkhan Omirbek парақшасынан алынды

Митинг ұйымдастыруға тосқауыл қою, еркін ойлы азаматтарды қудалау, қамауға алу өз нәтижесін берді. Жиналған көпшілік мәселені талқылап, ұсыныс айтқаннан гөрі өз ашу-ызасын, өкпесін көбірек айтты. Бұл халықтың ашынғанын, шерінің жиналып қалғанын білдірсе керек. Топтың арасында “Жағдайымыздың нашарлап, тұңғиыққа кетіп бара жатқанымызды онсыз да білеміз. Енді не істемек керек? Соны айтайық” дегендер де болды. Дегенмен митингте айтылған сөздерден байқағанымыз халықты ең алдымен “саяси тұтқындар, әлеуметтік әділетсіздік” көбірек алаңдатады. 

Митинг барысында келесідей ойлар айтылды: 

  • Қазір азаматтық қоғам өзара топтарға бөлініп, ыдырап, араз болып жүр. Проблемамызды шешеміз десек, бірігуіміз керек. Бұл саяси партиялар, референдум, түрлі азаматтық қозғалыстар болсын. Бәріміздің діттеген мақсатымыз бір. Қазір бір-бірімізді жау көріп отырғанымыз – биліктің “бөліп ал да, билей бер” саясатының нәтижесі. Митинг лозунгына айналған “халықтың күші – бірлікте” сөзі өте өзекті. 
  •  Бір адамның билігіне байланған мемлекет дамымайды. Бұған біз 29 жылда куә болдық. Бір тұлға культі астана атауының өзгеруіне, жастардың тірі адамға ескерткіш қояйық дейтін абсурд-жағымпаздығына, жеке басқа табынуды мемлекеттік мереке етіп бекітуге әкелді. Бір адамның жеке дара шешімінен 107 адамның өзара талқылап, қабылдған  шешімі әлдеқайда тиімді. Парламенттік республикада халықтың билікке әсер ету, саяси процеске қатысу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан бізге парламенттік басқару жүйесі қажет.
  • Біздің қазіргі сайлау жүйесіне реформалар қажет. Кез келген адамның сайлауға қатысып, мәслихат депутаты болуға қақысы бар. Мәслихатқа, мәжіліске кім депутат болатынын партия емес, халықтың өзі шешуі керек. Сонда ғана депутаттар халық мүддесіне жұмыс істейді, оның алдында жауапкершілігін сезінеді. Бір округтік мандаттар енгізілуі тиіс. Парламентті монополиялаудың қажеті жоқ.  
  • Құқық қорғау органдарында реформа жасалуы қажет. Полиция бір адам саясатының жендеті емес, халық мүддесін қорғаушы екенін есінде ұстауы керек. 
  • Бізде заң алдында барлығы тең емес. Миллиондаған қаражатты қымқырған жемқорлар сот залынан босап кетеді, ал халықтың мұң-мұқтажын жеткізбек болған адамдар қудаланып, қамалады. Қазір кез келген адамға қылмыстық істі жамап, айдатып жіберуге болатынын халық біледі. Сондықтан құқық қорғау органдарына, сот жүйесіне ешқандай сенім жоқ. Сот жүйесі тәуелсіз әрі әділ болуы тиіс. 
Сурет Darkhan Omirbek парақшасынан алынды

Митинг барысында барлық азаматтарға сөз берілді. Солардың арасында әкімшілік өкілі де микрофон сұрап, өз кезегі келгенде  “митинг тақырыбынынан ауытқығандар, митинг аяқталғанда тарамайтындар жауапкершілікке тартылатынын ескертті”. Дегенмен бұл кезде митинг уақыты аяқталып, жұрт тарай бастаған еді. Митинг барысында ешқандай құқық бұзу болған жоқ. Митинг барысында ешқандай адам қамалған жоқ. 

Дегенмен Respublika қозғалысының өкілдері митингке дейін бірқатар азаматтық қоғам өкілдеріне қысым жасалғаны, шараға келуіне құқық қорғау органдарының тарапынан кедергі жасалғанын естіді. Біз азаматтардың ой еркіндігі, митингке шығу конституциялық құқықтарының бұзылуына қарсымыз! 

Қорытынды

1. Митинг нәтижесі

  • Республика қозғалысы алғаш рет бейбіт митинг өткізіп, саяси күш ретінде жақсы тәжірибе жинады;
  • Митингке тек қозғалыс жақтастары ғана емес, әр түрлі оппозициялық және билікке наразы адамдар келіп, қатысушылар саны 150-160 адамға жетті;
  • Митингте әр түрлі еркін БАҚ өкілдерімен қатар мемлекеттік БАҚ өкілдері де қатысты;
  • Митинг барысында полиция тарапынан күш көрсету болған жоқ, бірақ әлеуметтік желілер мен ресми парақшаларымызға митинг басталмай тұрып бірнеше белсенді ұсталғаны туралы пікірлер келіп түсті. Біз бұл ұстау жағдайларын нақтылауға әрекет жасап жатырмыз, оқиғаларды нақтылап алған соң ғана ресми ақпарат шығаруды жөн көрдік.

2. Жас қозғалыс ретінде, алғаш митинг өткізу барысында келесі жіберілген қателіктерді мойындаймыз

  • Митингке рұқсат алу билік өкілдеріне қозғалысты толығымен мемлекеттік жоба деп айыптауына мүмкіндік берді. Бірақ біз бұл жағдайды алдын ала біле тұра осы қадамға бардық. Кез келген саяси белсенділік пен қозғалыстарыд жоба деп айыптау – қазіргі биліктің жүргізіп келе жатқан үстемдік саясатының нәтижесі. Саяси алаңға рұқсатсыз басқа  “ойыншылар” шығуы мүмкін емес деген көзқарастың орнығуына негіз болған. Бірақ ондай көзқарастардан қорқып әрекетсіз отыра беру ештеңе бермейді. Қазіргі проблемалардың барлығы – осы күнге дейінгі әрекетсіздігіміздің нәтижесі. Сондықтан, қандай жағдай болса да өз мақсатымызды жүзеге асыруға әрекеттенуді ұйғардық. Ол үшін жауапкершілік пен түрлі көзқарастарға дайынбыз;
  • Ұйымдастыру барысында бірнеше кемшіліктер жіберілді: спикерлердің соңғы мезетте келуден бас тартуы; әлеуметтік желідегі жедел хабар таратып отыру мүмкіндігінің болмауы (волонтерлердің жетіспеушілігінен);

3. Қозғалыстың болашақ жоспарлары және қадамдары

  • Ойлағанымыздай әлеуметтік желілерді Республика қозғалысын, оған қоса Оян Қазақстан қозғалысын жаппай мемлекеттік жоба ретінде айыптау науқаны жүріп жатыр. Бұл ойластырылған және жобаланған акцияға біз ресми парақшамызда жауап береміз. Мұндай қолдан пікір тудыруға қарсы күресіп ресурстарымызды сарқығымыз келмейді;
  • Митингтен соң біз адамдардың протестік көңіл-күйде болғанымен әрекет етуге еш құлықтары жоқ екенін түсіндік. Оның басты себебі сайлау кезіндегі билік тарапынан адамдардағы сенімнің өлтірілуі деп түсінеміз. Сондықтан да ағартушылық бағыттарында іс-шаралар ұйымдастыруды шештік. Оған қоса қозғалыстың тұрақты және идеологиялық белсенділер қатарын арттыру бағытында да жұмыстар жасаймыз деп шештік.