Алтынбек Сәрсенбайұлының “ҮШТАҒАН” НЕМЕСЕ ҚАЗАҚСТАНДА ӘДІЛ САЙЛАУ НЕГЕ АРМАН? мақаласынан үзінді

… Ендігі әңгіме Үштаған жөнінде

Қытайдың мафиясын дүниежүзі “Үштаған” деп атайды. Біздің айтпағымыз басқа Үштаған болмақ.

Біздің өзіміздің Үштағанымыз бар. Ұштаған – ошақтың үш бұты сияқты, қазіргі режимнің тіректері. Бүгінгі президент сайлауы осы Үштағанның —Отбасының, Айналасының, Олигархтардың — мүддесіне қарай өткізілуде. Өткізіп жатқандар да солар. Әрқайсысы өз қамдары үшін. Бірақ әрқайсысы өз ойына келгенін істеуде. Өздерінің дүниетанымдарына қарай. Өздерінің мәдени өресіне, халыққа деген көзқарастарына орай. Қоғамға, елге қарым-қатынасына қарай. Қазақстанның қандай болатынын көргісі келетіндігіне қарай. Мәселен 10, 20 жылдан кейін.

Отбасының билеп-төстей бергісі келеді. Қазірше 20 жылға үміт артады. Бұл турасында президенттің “Асар” партиясының съезінде мәлімдегені бар. Мұны өз қызы Дариғаның партиясының съезінде айтуы тегін емес. Аты-жөні аталмаған саясаттанушылар елді дәл бүгінгідей “осындай қалыпта” басқару қажеттігін өзіме айтты-мыс деген еді. “Осындай қалып” дегеніміз не? Онысы: жоғарыдан тағайындалатын, өзі тағайындайтын дәл осындай әкімдермен және министрлермен дегені. Дәл осындай бір жақты, қазба байлықты сатуымен шектелетін шикізаттық экономикамен. Дәл осындай билік бөлінісінің мәймөңке жүйесімен. Айтқанынан шықпайтын соттармен және қалтадағы парламентпен дегені. Ол үшін бәрі де бүгін қандай болса, дәл қалпында қалдырылуы тиіс.

Бүгінде Назарбаев балалары мен әулиетінің бизнеспен айналыспайтынын дабырайта айтып қояды. Солай-ақ болсын. Бұған өзімізді күштеп сендіруге тырысайық. Дариға депутаттық айлығымен күн көреді делік. Рахат — министрдің орынбасарының айлығын қанағат тұтуда делік. Айталық, әрбір қазақстандық шайына немесе кофесіне қымбаттай беретін қантты салар шақта “Қант орталығы” туралы ойламауға тырыссын. Айталық, әрбір азамат ұлттық телеарнаны қарағанда Дариғаны ойламасын. Ал автокөлік иелері қымбат бағалы бенинді құйғызып жатқанда олардың иесінің тағы бір күйеу бала екендігін есіне түсірмесін. Қош делік.

Егер олардың ешқайсы бизнеспен айналыспайтын болса, онда бір отбасыдан төрт саяси партияның болуын сіз немен түсіндірер едіңіз? Саралап қараңыз.

“Отан” партиясын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі басқарады. “Асар” партиясын Назарбаевтың қызы — Дариға басқарады.

Жақыннан бері мұсылманшыл “Қазақстан темір жолы” Ұлттық компаниясының бірінші вице-президенті, Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды экологиялық партия құрып жүр. Білетіндер кәсіпкерлердің құрған “Атамекен” партиясының артында Назарбаевтың тағы бір күйеу баласы тұрғанын айтады. Марксизм классиктеріне сенсек, “саясат — бұл экономиканың шоғырланған әлпеті”. Бір отбасының төрт партиясы осы тезистің айқын айғағы. Бұл — факт!

Сіз бір отбасы мүшелерінің бір мемлекетте төрт партия құрғанын немесе құрып жатқанын әлемнің бізден басқа бір елінен табасыз ба? Тіпті Африка құрылғында жоқ-ау.

Қазақстандағы Отбасы — бұл туысқандық қана емес. Бұл саясаттың ауқымды факторы. Дәлірек түсіндірсек, қоғамдық регресс факторы.

Енді Ұштағанның екінші тіреуін қарастырайық. “Айналасы” деген атауынан ат үріккендей. Олар — министрлер, әкімдер, әкімшілік пен үкіметтің жоғарғы шенді шенеуніктері.

Олар да белгілі жарнамадағыдай “өсе түсуде”. Олардың да қарпып жегісі келеді. Арандары қандай! Бір асағанда Байқоңырдың қарызынан 35 миллион долларды бір-ақ қылғытады. Сіңбей қалады-ау деп бас қатырмайды. Ар-ұяттың талмасы жоқ. Мазаламайды да. Жұмыс кезінде гольф ойнағандарына қарағанда денсаулықтарын күту — басты мақсат. Кейбіреуі тіпті жұмырланып, майланып, жылтырап жүр.

Сыбайлас биліктегі бюрократия іздерін алмастыратын ешкім жоқтай сезінеді. Әйтсе де, олардың тар құрсауда қалатын күндері аз емес. Тозаққа тартырлық. Бір жағынан отбасы, екінші жағынан олигархтар қысқанда құрдай құрақ ұшады. Кімге жағарын білмей, кімнің саясатын ұстанарын білмей қысылады. Бұдан бөлек жайсыздыққа ұрынбаса, өз өмірлеріне өкпе артпайды. Керісінше үріп ішіп, шалқақтап жатар тірлігіне мәз. Бұлар да Қазақстанның бәз-баяғы қалпында қалғанын қалайды. Халықтың өздеріне қолы жетпесе болғаны. Сөйтіп үстемдікті жалтақтамай жүргізе берсе. Қоғамға, халық мүддесіне қалай қызмет көрсетіп жүргенін ешкім сұрамаса, есеп беруді талап етпесе болғаны. Бюджетті бақылауына әлдекім кедергі келтірмесе, ақша ағымын бөлуде, қайта бөлуде қолдарынан қақпаса. Бұларға керегі сол. Халық аштан өлмейді деп өмір сүретін осылар. Билік пен халықтың арасы апандай боп ашылып кетуіне кім кінәлі дерсіз?

Оған кінәлі кім деп сұрарсыз!

Әрине, елбасы. Ол! Оның жүйесі. Оларды тағайындайтын өзі. Назарбаевтың тағайындаған адамдары өздігінен “кішігірім назарбаевқа” айналды. Бұл тағайындалғандар енді өзіне “тартып туғандарды” тағайындайды! Осылай, бөлшектеніп көбейе түседі. Әрине, көлемдері көклерінің ауқымына қайдан жетсін. Құлаш сілтестері оған теңеспейді. Бірақ біріне-бірі “крыша”. Облыс, аудан, ауылдағы мансап иелері тәуелділіктің тұағына түскен. Қызмет орнына келуі де, жемтіктес болуы да, егіздің сыңарындай ұқсас.

Қазақстандағы жемқорлық жөніндегі халықаралық баяндамалармен танысып көріңізші. Назарбаев Қазақстанда ондай нәрсе жоқ дейді. Бәрін жалғанға санайды. Ал шетелдіктердің анық-қанығын көрсететін деректері бұған керісінше. Жемқорлық бойынша Қазақстан 158 елдің арасында 107-орында тұр. Қазақстандағы жемқорлық пен парақорлық деңгейі Белорусия мен Эритрееймен, Вьетнаммен, Замбиямен және Зимбабвемен бірдей екенін байқайсыз. Жұптасар жерді тапқаны-ай! Айтарға сөз жоқ! Сондықтан да олар қазір қатты тыпыршып отыр…

Әрине, қолы да, ары да таза мемлекеттік қызметтегі адамдар баршылық. Олардың көбі төменгі қызметте. Ауыр жұмыс арқалап, аз жалақы алатындар да солар. Жүйе түзелмей олардың да жолы ашылмайтыны белгілі.

Енді Олигархтарға көшейік.

Олигархтар зауыттар мен фабрикаларды одан әрі иемдене бергенді аңсайды. Кісі күлерліктер сомаға алғандарына қызарып қоймайды. Бұл ұят болды-ау демейді.

Миллиардерлердің бірі — Миттал біздің “Карметкомбинатты” 220 миллион долларға сатып алды. Жақында ол Украинадағы дәл сондай комбинат үшін 4,8 миллиард доллар төлеуге мәжбүр болды. Айырмасын салыстырыңыз!

Олар біздің кенімізді қопарып әкеткенді қош көреді. Мұнайымызды, газымызды, металлдарымзды ашқарақтана тасып әкетуде. Салықты әу бастан аз төлеуге әдеттенген. Әлеуметтік салалаларға шығынданғысы келмейді. Экология мен техника қауіпсіздігін қаперге алмайды. Олар бәрі де сол бұрынғысынша, “саол қалпында” қала берсе дейді. мұнай таусылғанша, газды айнап алғанша, қазба орны қаңырап қалғанша. Бағалы кеннің соңғы түйірін қырып, қапшыққа салғанша. Содан соң мейлі топан су қаптасын Қазақстанды. Тағы сондай бір ел табылар, олар үшін.

Ұштаған неліктен Назарбаевты қолдайды және сайлауда неліктен дауыс беру қажет?

Үштағанды біріктіретін үш нәрсе:

а) капиталы мен меншігінің “тұрақтылығын” қандай құн төлесе де сақтап қалу ниеті;

ә) “Амандығына” үрей тудыратын қабылетті күштердің пайда болуына жол бермеу, яғни қоғамдық процесстерді өз бақылауында ұстау;

б) өз капиталдарын одан әрі молайту мүмкіндігі. Олардың сол қалпында сақтағысы келетін әрбір күні көп көлемдегі валюта. Бұл күнделікті құйылатын миллиондаған табыс. Жақсылап баю үшін, оларға бәрі сол қалпында қалуы керек.

Қазір-ақ олар Назарбаевтық кезеңнен кейінгі жағдайға бәрін әзірлеп қойғанын жоғарыда айттық. Саяси партиялары бар. Бұқаралық ақпарат құралдары қолдарында. Аналитикалық құрылымдары, банкілері сақатай сақ. Сатып алған элитасы, сөздерін сөйлейтін шығармашылық және ғылыми зиялылары іріктелген. Тіпті күзет құрылымдары түріндегі болса да, өздерінің қайрат қылар жасақтары әзір. Егер Назарбаев “жеңсе” онда олар бірден саяси алаңды “тазалауды” бастайды. Бүгінгі биліктің шоқпарын көтерісіп жүрген тұлғалар өздерін әлдекімдей сезінсе де, арттары бос. Ертең Үштаған олардың – әкімдердің, министрлердің, әсіресе құқық қорғау органдарының басшыларының тағдырын шешетін болады. Бұл сайлаудың бүкіл лас әрекеттерін өз қолдарын атқарғандар және әлі де бұл қоқысты көтеретіндер Ұштағанның ұшпаққа шығармасын, ақ алғыс орнына қара қарғыс айтарын түсінеді. Бұрынғы еңбектері ескерусіз қалады. Бәрі де басқа ұстаныммен шешіледі. Негізінен бірінші және үшінші тіреулер — яғни Отбасы мен Олигархтар шешетін болады!

Сіз “Ал халық қайда? Халық неліктен еш нәрсені шеше алмайды?” деп сұрарсыз. Дәл қазіргі саяси жүйеде оларға халықтың керегі де жоқ сияқты. Бүгінгі таңдағы сайлаулар халық қашандағыдай ештеңесіз қала берсіннің керін келтіріп отыр. Мұнайсыз, газсыз, металсыз, биліксіз, қысқасы бәрінен жұрдай болсының амалы.

Ұштаған өз таңдауын жасады. Ол қандай елде өмір сүргісі келетінін айтып үлгерді. Ол бізді билеп-төстейтінін де көрсетті.

Бұл жөнінде қоғамда барлық мүшелерін ойланатын уақыты келді.

Тек қана екі балама бар:

– Әлде 15 миллион азаматты олар басқарады, әлде 15 миллион азамат өз отандарын дербес басқаратын болады;

Әлде Үштаған қоғамға бұдан әрі де өз дегенін жасайды. Әлде қоғам Үштағанды өз орнына қоятын болады.

Ақиқат осы.

Сондықтан таңдау жасау қажет. Саналы түрде, азаматтық, жеке бастық таңдау. Әділеттілік пайдасына, заң мен тәртіп пайдасына таңдау. Әркім өзі үшін, өзінің балалары үшін, өзінің немерелері үшін,Тәуелсіздіктің тағдыры үшін таңдау жасар сәт.

“Жас алаш” газеті, 29.11.05