«Respublika» қозғалысының Саяси партиялар және Сайлау туралы заңдарға енгізілген өзгерістер туралы мәлімдемесі

Мәжілістің Саяси партиялар мен Сайлау туралы Конституциялық заңға енгізген өзгерістері оң нәтиже беретініне күмәніміз бар. Неге? Біз 30 жыл ішінде елді дамытады деген талай “реформалардың” куәсі болдық. Алайда адам құқықтарын қорғау, билік ашықтығына, демократия құндылықтарына қатысты ілгерілеу болған емес. Сайлау туралы заңға енді партиялық тізімге енетін әйелдер мен жастардың үлесі 30% кем болмауы керек делінген. Сол отыз пайыздың қаншасы әйел, қаншасы жастар болатыны да анық емес. Оны анықтау механизмдері жасалмаған. Ол әйелдер кім? Әлеуметтік сала министрі болып отырып көп балалы әйелдер проблемасын шешуге үлес қоса алмаған, әйел мұраты – еркегін бақытты қылу деп түсінетіндер ме? Әлде осы салаға көп жылын арнап, тең құқық үшін күресіп жүрген шын белсенділер бола ма? Екіншіден, тізімге енетін жастар кім болмақ? Елбасыға қойылған ескерткіштер әлі де аз деп ойлайтындар ма? Әлде университетте жүріп директорлар кеңесін басқаратын «алтын бастылар» ма? Сайлаудың пропорционал жүйесі сақталған жағдайда партия тізіміне емес, сайлау қорытындысы бойынша парламентке өтетін әйелдер үлесі 30 пайыздан кем болмауы керек. Жаңа заңда бұл анық жазылуы тиіс.

Енді, көптен бері талап етіп келе жатқан пропорционал сайлау жүйесінен бас тарту, мажоритар жүйеге өту талабына келсек. Жаңа заңда бұл талап ескерілмеген. Пропорционал жүйе азаматтардың конституциялық құқығын шектейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы, 2 тармағына сәйкес, Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар. Ал Сайлау туралы Конституциялық заң азаматтардың партияға мүше болмай-ақ сайлану құқығын шектейді деп есептейміз. Сондықтан, сайлаудың пропорционал жүйесінен бас тартып, мажоритар жүйесін енгізуді талап етеміз.

Саяси партиялар туралы заңға енгізілген өзгерістердің бірі – партияны тіркеуге қажет қол санын қырық мыңнан жиырма мыңға дейін азайту. Бұрынғы Заңдағы ақылға қонымсыз талапты жеңілдету қазіргі талаптың да ақылға қонымсыз екенін ақтап ала алмайды. Салыстырма жасау, үлкен жеңілдік ретінде түсіндіру манипуляция деп есептейміз. Партиялардың саяси алаңда көп болуына жол ашу үшін барлығына тіркелуге мүмкіндік берілуі керек. Cаяси партияны тіркеу үшін қажет қол саны екі мыңнан аспауы керек. Сонымен бірге, қазір талап етілетін көлемде қол жинаудың өзі партияны тіркеуге кепіл бола алмайды. Іс жүзінде түрлі әкімшілік кедергілер, қысым мен қудалау әдісімен өзіне ұнамсыз күштерді партия ретінде тіркемеудің бар амалы жасалып жатыр. Құқық қорғау органдары, жергілікті әкімдік қызметкерлерінің араласуы, т.б. кедергілер көп. Оған нақты дәлелдер келтіре аламыз. Сол үшін терең саяси реформа жасалуы керек. Қол жинау, тіркеу жұмыстары толық ашық болуы шарт. Тек қол жинау емес, партияға мүше болу да ашық, ерікті түрде болуы тиіс. Ол үшін мүшелікке өтініш электронды нұсқада, ЭЦҚ арқылы болуы керек. Сонда адамдар партияға мүше болу шешімін саналы түрде, өз еркімен жасағанына сенімді боламыз.

Ал Назарбаев жүйесінің қазіргі әрекеттері билеуші партия саяси бәсекеге қабілетсіз, өзіне бәсекелес пайда болғанын қаламайды деген сенімді бекіте түседі. Ал қоғам белсенділері көптен бері талап етіп келе жатқан өзгерістер төтенше жағдай кезінде, қоғамның кең талқылауынсыз қабылданып жатқаны биліктің өзгеріске мүдделі емес екенін, саяси реформаларды қаламайтынын білдіреді.
«Respublika» қозғалысы соңғы қабылданған Митингтер, Сайлау және Саяси партиялар туралы заңдарды адам құқығын шектейтін заңдар деп есептейді. Бұл Төтенше жағдайлар аяқталған соң, қоғам белсенділерімен бірге талқылап, Конституция, адам құқықтары талаптарына сай нормалармен қабылдауды талап етеді.