Біз кімбіз?

Бэлла Орынбетова

photo_2019-06-28_20-59-10-1

Қарапайым халықтың саясатпен шаруасы жоқ. Бірақ жемқор жүйеге, халықтан жігі ажыраған билікке, нәтижесі жоқ реформаларға наразы. Саясаттан алыстаған сайын халықтың үні құмығып, құқығы көмескіленіп барады.
Қазіргі Қазақстан жағдайында заңмен кепілденген тегін білім, сапалы медицина, алаңсыз қарттық үшін еңбек ету жеткіліксіз. Өзімізге тиесілі құқыққа жету үшін де күресу қажет болып тұр. Сондықтан құқығымыздың шектелмеуі, мүддеміздің қорғалуы және дауысымыздың ескерілуі үшін саясатқа белсене араласуға бел будық.

Саясат бұл жабық есіктер артында, билік дәліздерінде шешілетін мәселе емес. Өз тағдыры шешілетін саясатқа араласу әрбір азаматтың құқығы, ал бүгінгі таңда тіпті саналы парызы.

Айсұлтан Жақыпов

Біз Қазақстанның шынайы гүлдегенін, биліктің ұлттың мұң-мұқтажын естігенін қалаймыз. Біз қозғалысымызды барынша жалпақ жұртқа пайдалы жұмыстар атқаратын партияға айналуды көздейміз. Көп дүние атқардық дей алмаймыз. Ауыз толтырып айтатын іс деуге келе қоймас. Ісіміздің басы деп сайлау кезінде наразылық танытқан қамаудағы азаматтарға жасаған көмегімізді айта аламыз.

Біздің партияға айналуымыз тікелей сіздерге байланысты. Партия көбейгенінен мемлекетке зиян жоқ. Мұнымызды әбес әрекетке балап жатқандар да бар.

photo_2019-06-21_21-08-11

Кешегі сайлау мұқым елдің ӨЗГЕРІС тілеп отырғанын көрсетті. Сол өзгерісті біз жасаймыз. Бізге қосылуға шақырамын!

Ғалымжан Оразымбет

Біз дін, діл, тіл, тарих, дәстүр, намыс, абырой адамнан жоғары құндылық саналатын қоғамда өмір сүреміз. Осылардың бәрін құнды қылып тұрған бас құндылық АДАМ екенін ескермейміз. Тіпті ұмытып кетеміз. Оның өмірі, құқығы, еркі мен таңдауы бәрінен жоғары тұруы керек дегенді ойланып көрмейміз. Ал мен осы құндылықтар мемлекеттің басты байлығы ретінде қорғалатын Қазақстанда өмір сүргім келеді. Қазіргі сапарластарыммен түрлі мәселеде ұстаным, пікірлеріміз бірдей болмауы мүмкін. Бірақ Адам құқығы, еркі мен таңдауы мәселесінде пікіріміз бір. Әр тұлғаның таңдауы менікіне ұқсамауы, қайшы келуі мүмкін екенін біле тұра, оны құрметтеу, қорғау. Бізді біріктіретін осы. Әр түрлі болу құқығымыз үшін бірге болуымыз керек.

40167818_1820574924727787_3053724440400494592_n_2

Гүлім Оразбаева

photo_2019-07-04_00-43-00

"Әрбір азамат және оның құқықтары - біздің басты құндылығымыз" дейді билік. Алайда соңғы жылдары бұл құндылықтардың көкке ұшып жатқанын көріп отырмыз. Неліктен? Себебі билік пен халық арасы ажырады. Елдің мұң-мұқтажын жеткізіп отыратын депутаттар биліктің қолжаулығына айналып кетті. Өз саласындағы проблемаларды шешумен айналысуы тиіс министрліктер биліктің мүддесін қорғайтын қалың қамалдар іспеттес. Не істемек керек? Мұндай жағдайда халық билікті өз қолына алып, батыл әрекет етуі керек.

Жамиля Қасымхан

Тәуелсіздіктің құрдасымын, Қазақстанның дамуымен қатарласып өсіп келемін. Ата Заңымыз қанша рет өзгеріске ұшырады, бірақ бір де бір рет елімді 1-бапта сипатталғандай көрмедім әлі. Қазақстанды өкшемізді басып келе жатқан буынға қалдыруымыз керек. Демек, енді біздің сөйлейтін кезегіміз келді. Ал біз кімбіз? Конституцияның 3-бабымыз!

photo_2019-07-04_00-39-39_2

Абылай Әділханов

photo_2019-06-21_18-35-45

Біз өзгерісті ұзақ күттік. Бұл елде жасалып жатқан әрбір өзгерісті жіті бақылап отырдық. Бірақ еліміз соңғы уақытта даму емес, деградация бағытында кетіп бара жатыр. Қарапайым сөз бостандығының өзі қудаланған жерде критикалық ойлау, озық идеялар, ғылыми-техникалық революциялар болады деп ойлайсыз ба? Мені Республика қозғалысына қосылуға ынталандырғаны еркіндік, прогрессив шешімдер және ортақ арман.

Садық Шерімбек

Бала күнімде егінші ауылда бидай егіліп, дақылы көрінген кезеңде қарғалар келе бастайтын. Диқан аталар топ қарғаның ішінен бірнешеуін мылтықпен атып алып, егіндіктің ішіне ұзын таяқ қадап, соған әлгі қарғалардың мүрдесін іліп қоятын еді. Бауырларының өлі денелерін көрген басқа қарғалар қорқып ол егіндіктерге жоламайтын. Ол өліктердің иісі кетіп, денелері қуыршаққа айналып, тірі қарғалардың көздері үйрене қайта егінге келе бастаған кезде оларды қорқытатын жаңа мүрделер дайын тұратын. Осылайша бұл процесс егінді орып алғанша жалғасатын еді...

photo_2019-03-07_12-59-02

Менің бір білетінім - адамдар қарға емес. Бірақ, билік соны түсінуге өресі жетпей жатыр әлі. Сондықтан да Республика қозғалысының құрамында асқан ыждаһаттылықпен бірігіп отырмыз.

Мұратбек Кәрімов

53563179_424088198132044_6201893519625968019_n

Біз тауар сатушы емеспіз. Өз ұстанымдарымыз бен талаптарымызды білдірдік. Барлығын түгел қамтымаған да шығар. Сондықтан жүйені, саясатты жақсартамын деген кез келген бастаманы қолдауға әзірміз. Ол ұсынысыңызды біздің қатарымызда жүріп жүзеге асыруыңызға бірге күш саламыз. Басқа да қозғалыс, ұйымдар құрылып жатыр.  Барлығын қолдаймыз. Мақсат жалғыз, ең мықты болу емес, елге қызмет ету.

Мен Адам, оның өмірі мен құқықтары, еркі мен таңдауы бас құндылық, байлық ретінде қорғалатын Қазақстанда өмір сүргім келеді. Оны тек өзіміз жасай аламыз.

Алтынбек Зұлқажаб

photo_2019-08-30_09-22-27

Мен сайлауға дейін, сайлауда және сайлаудан кейін не көрдім?

Сайлауға дейін бір-бірін атарға оғы жоқ, бір-бірінің артын ашқан ағаларды көрдім, топ-топқа бөлініп дауласқан қара қазақты көрдім. Бір ғасыр өтті, бірақ мәдениетті түрде пікір-таласуды әлі үйренбеппіз.

Сайлауда дауыс беруге мәжбүрлікпен келген мемқызметші аты бар қала қазағын көрдім, өзінің шаршаңқы түрімен жүйеге деген өкпе ренішін білдіргелі келген, бірақ тұрақты мекені мен тіркеуі жоқ салы кетіп дауыс бере алмай кеткен дала қазағын көрдім.

Әділдік үшін дауыс күзеткен жас буынды көрдім, жас алдында еріксіз қаймығып, жанталасқан ағаны көрдім. Жеңіліп тұрып, жеңілісін мойындамаған саланы көрдім.

Сайлаудан кейін абдырап қалған халықты көрдім, тілі байланып, шындық айта алмай, сабырға шақырған "алыпты" көрдім, қысқасы шарасыз қалыпты көрдім.

ЕНДІ БІЗГЕ НЕ КЕРЕК
Халқым қырық-пышақ болғанды қойайық, бізді қазақ елін құртқан сонау патша заманынан бері келе жатқан "БӨЛІП АЛ ДА, БИЛЕЙ БЕР" принципімен әлі де басқарып келеді екен. Бір тобымыз сайлауда, бір тобымыз көшеде, бір тобымыз үйде жатқан біз қалай әділдікті талап ете аламыз. Ең бастысы тілімізге, дінімізге, түрімізге қарамай, бір-бірімізді тыңдап, бір-бірімізді сыйлай алған уақытта ғана біз ӘДІЛДІКТІ талап ете аламыз. Әйтпеген уақытта біз бір топ деңгейінде ғана қалып, бір халық деңгейіне еш уақытта жете алмаймыз.

Бүгінгі күнгі қолдан жасалып отырған ТІЛДІК, ДІНДІК, ҰЛТТЫҚ мәселенің барлығы тек бізді өз ойлағанындай басқарудың жолы екен ұмытпаңыздар.

Асылтай Тасболат

Н.Назарбаев билік транзитін бастағалы оң өзгерістер болады деп үміттендім. Тіпті сайлаудың өзінде бұрынғыдай белден басу болмайтын шығар деген жылт еткен сенім болды. Азаматтық қоғам үнімен санасатын, кландық жүйені күйретіп, коррупцияны жоятын саяси билік қелмей, оң өзгеріс болуы екіталай. Шынайы либерал, демократ құндылықтар үшін күресетін тұлға я ұйым табу қиынға соққан шақта, Республика қозғалысына мен білетін ақшаға да, мансапқа да сатылмаған және сатылмайтын замандастардың топтасып жатқанын көрдім. Өркениетті қоғам мен біртұтас халықтың мысалын тек кітаптан ғана оқып, басқа елге тамсанумен күн өткізгеннің жарамайтынын түсіндім, қозғалысқа бірден мүше болдым. Қозғалыстың мақсаты, бағдарламасы жүйедегі өзгерісті қалайтын әрбір азаматқа тартымды боларына сенемін. Бізге қосыл!

photo_2019-06-21_17-08-48