Республика қозғалысының бағдарламасы

Мазмұны

ЖАЛПЫ БӨЛІМ

Республиканизм

Республика – еліміздің аса маңызды жетістігі.

Егемендіктің негізі – халық.

Елдің ішкі және сыртқы саясатын айқындап, жүзеге асыратын “сарай” емес, біртұтас ұлттың еркі. Ұлттың еркі билікті де, оппозицияны да біріктіреді.

Қазақстан Республикасы азаматтарының әлеуметтік, лауазымдық және материалдық жағдайына, жынысы, ұлты мен шығу тегіне қарамастан, теңдік қағидаларын негізге ала отырып құрылды.

Республиканың қуаты – азаматтарының бірлігі мен теңдігінде.

Республиканизм – халық емес, азамат.

Азаматтық көзқарас

Қазақстан Республикасы саяси сана мен ұлттық тұтастық негізінде құрылды. Ұлттың еркі әр адамның этникалық шығу тегі, діні, тілі мен жершілдігінен жоғары тұрғанда ғана азаматтық көзқарас пайда болады. Қазақстан ешқашан этнос немесе діни негізде басқарылатын мемлекет болмаған, болмайды да. Біз елдегі проблемаларды шешу үшін этнос емес, азаматтар ұғымын негізге аламыз.

Республика қозғалысы елді этнос, тіл, дін немесе басқа да себептермен жіктеуден бас тартады.

Республика қозғалысы олигархтардың, бюрократтардың және ұлттың еркін көрсете алмайтын саяси топтардың елді басқаруын қабылдамайды.

Біздің ұлттық идея:

Плюрализм, барлық этникалық және мәдени қауымдастыққа құрмет. Азаматтардың тегі, тілі, жынысы, діні және басқа белгілеріне бола кемсітуге жол берілмейді. Азаматтардың заң алдындағы теңдігі деп әр азамат өзін елдің қожайыны сезінгенін айтамыз.

Мемлекеттің этностық сипаты жоқ және барлық этникалық, діни және мәдени топтан алшақ.

Мемлекеттің мақсаты – бәріне ортақ теңдікті қамтамасыз ету.

Халықшылдық

Республика қозғалысы үшін биліктің жалғыз қайнар көзі – халық қалауы. Біз халық мүддесіне қызмет етпейтін кез келген саяси-экономикалық топтардың ұмтылыстарын қабылдамаймыз.

Этатизм

Республика қозғалысы мемлекетшіл азаматтардан құралған. Мемлекет халық үшін құрылады, ал азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуы құпталады. Мемлекет тек құқықтық және демократиялық болуы тиіс. Өзге нұсқалар қарастырылмайды.

Біздің түсінігіміздегі мемлекет:

Халық мемлекетке мұқтаж емес, мемлекет халыққа мұқтаж.

Экономикада, саяси және әлеуметтік мәселелерде мемлекет халыққа қамқор болады.

Зайырлық

Зайырлық – мемлекет істеріне дінді араластырмау. Мемлекет, қоғам, әкімшілік мекемелер, құқық және білім зайырлы болуы тиіс.

Зайырлықтың негізгі мақсаты – сана еркіндігі.

Республика қозғалысы үшін зайырлық деген не?

Зайырлық негізі этносаралық бірлік, бейбітшілік, модернизм және білім.

Біз дінді саяси құрал ретінде пайдалануға қарсымыз.

Діннің саясат ісіне, сондай-ақ саясаттың да дін істеріне араласуына қарсымыз.

Мемлекет белгілі бір діни топтарға бүйрегін бұрмайды. Мемлекет діни саясатты үйлестіруде тәуелсіз арбитр рөлін сақтайды. Мемлекеттің діні жоқ.

Модернизм

Республика қозғалысы – модернистер. Қазіргі заманда әр азамат мемлекет ісіне барлық деңгейде қатысқанда ғана табысты ел құра аламыз. Республика қозғалысы халықпен бірге, халықтың мүддесін қорғай отырып, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға мүдделі.

Республика қозғалысы үшін модернизм деген не?

Біз заман талабынан туындаған жаңа идеяларға ашықпыз. Біз үшін олар – мемлекеттік және қоғамдық істердің ажырамас бөлігі.

Тек ережелер мен дәстүрді жетілдіру арқылы кемел болашаққа баратын ұтымды жол таба аламыз.

Жемқорлықпен күрес

Жемқорлықпен күрес – әр азаматтың ел алдындағы жауапкершілігі. Бәрі бұл індетпен жұмыла күрескенде ғана мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде ашықтық пен есептілікке қол жеткізуге болады.

Жемқорлықпен күрес – республиканың әр азаматының өзін өзі қорғау амалы.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Республика қозғалысының заманауи әрі дамыған Қазақстанды құру бағдарламасы

Бағдарламаның негізгі мақсаттары

  1. Қоғамды жікке бөлудің кез келген түрін жоққа шығару, адам бәрінен маңызды;
  2. Азаматтар белсенді қатысатын демократиялық қоғам құру;
  3. Адам құқықтары мен еркіндіктерінің ең жоғарғы стандарттарына сай болу;
  4. Қоғамдағы теңсіздікті жоюға ұмтылу;
  5. Әлеуметтік әділет талаптарына сай қоғам құру;
  6. Саясат пен ел басқарудағы ашықтық мен әділет;
  7. Экономикада барлық азаматқа бірдей жағдай жасау;
  8. Халықты жұмыспен қамту;
  9. Білім мен ғылымға негізделген экономика құру;
  10. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін ел ішінде және әлемде қорғау.

Қазақстан заманауи мемлекет деңгейіне жетудегі басымдықтары

Адам: Ұлтына, дініне және мәдени ерекшелігіне қарамастан, бізге адамның өзі маңызды. Адам еңбегімен, білімімен, мәдениетімен және құқығымен құнды. Мемлекет қандай да бір ерекшелігіне қарамастан, барлық азаматқа қамқор болады.

Демократия: Саясат пен мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету. Мемлекеттік басқару негізі – адам еркіндігі мен құқығы, құқықтық мемлекет.
Демократия – азаматтардың өз пікірін еркін білдіру мүмкіндігі.
Азаматтар өз өкілін ешқандай саяси партияға қатысуынсыз, тікелей сайлауға құқылы.

Адам құқықтары: Барлық азамат баршаға ортақ табиғи құқыққа ие. Қазақстан аумағында адам құқықтарын қамтамасыз ететін барлық халықаралық келісім жүзеге асады.

Қауіпсіздік: Мемлекет азаматтардың денсаулығы, өмірі мен мүлкінің қорғалуына кепілдік береді. Құқық қорғау органдары жүйеге емес, Қазақстан азаматтарына қызмет етеді.

Плюрализм: Кез келген проблема зорлықпен емес, бейбіт талқылау арқылы шешіледі. Саяси, діни және басқа да көзқарас алшақтығы бойынша қудалауға тыйым салынады.

Азаматтардың белсенді қатысуы: Азаматтар республикалық және жергілікті деңгейде мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысады. Азаматтардың тікелей немесе түрлі азаматтық ұйымдар құру арқылы ел басқаруға қатысуы – оның құқығы ғана емес, ел алдындағы борышы.

Жұмыспен қамту: Әрбір еңбекке қабілетті азамат лайықты жұмысқа құқылы. Әрбір жұмысшы өз әлеуметтік құқығының заңмен қорғалуына құқылы. Еңбек лайықты бағалануы керек.

Жалпыға бірдей білім беру: Заманауи, сапалы білім – артықшылық емес, Қазақстанның бар азаматына тиесілі құқық.

Денсаулық сақтау: Азаматтарға қызмет ететін денсаулық сақтау мекемелерінің жұмыс сапасын жақсарту керек. Біздің приоритет – салауатты ұлт.

Кедейлікпен күрес: Игіліктерді әділ бөлу – кедейлікпен күрестің негізі. Кез келген салада барлық азамат үшін бірдей жағдай жасалуы тиіс. Мақсатымыз – заманауи, әлеуметтік мемлекет құру.

Демократия, адам құқықтары мен еркіндігі

Демократиялық құқықтық мемлекет

Құқықтық мемлекет құқық үстемдігін жариялайды. Бар азаматты тәуелсіз сотпен қамтамасыз етеді.
Республика қозғалысының мақсаты – елде құқық үстемдігін орнату. Сол себепті адамның табиғи құқықтарын мойындаймыз және барлық деңгейде сот билігінің тәуелсіздігін қамтамасыз етеміз. Барлық азамат заң алдында тең.

Конституциялық реформалар

Конституциялық реформаларды халықаралық нормаларға сай жүзеге асыру керек. Конституцияның, заңдар мен қаулылардың халықаралық нормаларға қайшы келетін баптары өзгертіледі немесе жойылады.

Азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету

Азаматтардың заң алдындағы тең болуы өркениетті әлемде қалыпты жағдай саналады. Демократия көпшіліктің билігі ғана емес, азшылық құқығын қорғауды да білдіреді.

Әділет саласының реформасы

Әділет қызметі әділдікті басқару емес, әділетке қызмет ету. Ол үшін біз Әділет саласының тәуелсіздігін, Атқарушы және Өкілетті биліктің оған қол сұқпауын қамтамасыз етеміз.

Заңдардың саясилануын, оған саяси партиялардың ықпалын шектейміз. Азаматтарға қызмет ететін заңдар жасау үшін құқық және сот жүйесін қайта құрамыз.

Адам құқықтары мен еркіндігі

Еркін тұлға

Еркін тұлға – демократия негізі. Еріксіз тұлға өз потенциалын жүзеге асыруға, адам құқығы мен еркіндігін қорғауға, қоғамды демократияландыруға, өз еркімен таңдау жасауға қабілетсіз. Республика қозғалысының мақсаты – азаматтардың сөз бостандығын, ой еркіндігін, таңдау құқығын қорғай отырып, оның экономика, саясат, әлеумет және мәдениет салаларында потенциалын жүзеге асыруға жағдай жасау.

Ой және сөз еркіндігі

Ой еркіндігі – демократия негіздерінің бірі. Ойды жазу, бейнелеу және басқа да әдістермен ашық жеткізуге болады. Бастысы – зорлық пен ашық қақтығысқа шақырмауы керек.

Бейбіт жиындар, митингілер мен протестер еркіндігі

Ой еркіндігін ашық талқылау ұйымдастыру арқылы қамтамасыз етуге болады. Сол үшін бейбіт жиындар туралы заң толық қайта қаралып, халықаралық стандарттарға сай реформаланады.

Мемлекеттік басқаруға қатысу және ұйымдасу құқықтары

Саяси партия, кәсіподақ және басқа да азаматтық ұйымдардың жұмысына қатысу – плюрализм мен демократия негіздерінің бірі. Азаматтық қоғам институттарын ұйымдастыруға кедергілер халықаралық стандарттарға сай жойылады.

Демократия және бақ

Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары – елдегі демократиялық жүйе мен ашықтықтың негізі. Халық шынайы әрі жан-жақты ақпарат алуға құқылы.
Республика қозғалысы БАҚ бойынша күрделі реформалар ұсынады.

Біздің көздегеніміз – тәуелсіз әрі принципке берік БАҚ.

Медиаға биліктің араласуын тоқтатып, монополияны жойғанда ғана тәуелсіз әрі принципке берік журналистика пайда болады.

БАҚ еркіндігі қорғалады

БАҚ биліктің ықпалы мен қысымынан қорғалуы керек. Жаңалықтарды алдын ала цензура мен қадағалауға тыйым салынады.

Халықаралық стандарттарға сай БАҚ сот алдында ғана жауап береді.

БАҚ монополиясына тыйым салынады

Дәстүрлі БАҚ пен әлеуметтік медианың монополизациясына жол бермеу үшін тиісті заңдар қабылданады.

Шетелдіктердің ұлттық медиаға ықпалы мен бақылауына тыйым салынады

Шетелдіктерге ұлттық медиаға ықпал етуге жол берілмейді. Сол себепті шетел азаматтарының елдегі БАҚ-қа қатысу үлесі тиісті көлемнен артық болмайды.

Саясат және азаматтық қоғам

Парламент биліктің басқа тармақтарынан тәуелсіз әрі бейтарап принциптері негізінде қайта құрылады

Парламент қазіргі күйінде ешқандай сын көтермейді. Ұлттың өкілдері болып сайланған депутаттар ұлт мүддесіне қызмет етпейді. Республика қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі – Парламент реформасы.

Парламент депутаттары тікелей, мажоритар жүйемен сайланады.

Парламент бір палаталы болады, сенат жойылады.

Сайланған депутаттар парламент төрағасын биліктің басқа тармақтарының ықпалынан тәуелсіз сайлайды.

Саяси этика комиссиясы құрылады

Халық өкілдері мен саясаткерлер қызметін реттейтін саяси этика туралы заң қабылданады. Заң мен комиссия Парламентте ұлт мүддесін қорғайтын нағыз демократтар отыруын қамтамасыз етеді.

Депутаттық дербес құқықты шектеу бойынша заманауи саясат

Депутаттың дербес құқықтары ендігәрі ашық саясат пен әділ сотқа кедергі болмайды. Олардың дербес құқықтары парламент аясында шектеледі. Егер депутаттың үстінен арыз түскен жағдайда, ештеңеге қарамай әкімшілік және қылмыстық іс қозғалады.

Депутат мандаты – баю құралы емес

Депутат мандатын пайдаланып, заңсыз жолмен баюға жол берілмейді. Саяси этика туралы заң және комиссия саясат пен бизнес арасындағы байланысты жояды. Депутаттар бизнеспен айналыспай, халық мүддесіне қызмет етуі тиіс.

Жемқорлықпен күрес

Қазақстанда жемқорлықтың өршуіне – саясат пен бизнестің астасып жатқаны себеп. Парақорлық пен тамыр-таныстық мораль мәселесі болудан қалып, экономика мен мемлекеттік басқаруға үлкен зиянын тигізіп отыр. Жемқорлық – экономикалық дағдарыстың негізі әрі  жеделдетуші фактор.  

Тәуелсіздік жылдары билік халықты барлық деңгейдегі жемқорлыққа үйретті. Парақорлық қазір мемлекеттік деңгейге жетті.

Република қозғалысы жемқорлықпен түбегейлі күреседі. Дұрыс күресу үшін жемқорлық сөзінің мағынасын дәл анықтау керек. Жемқорлықтың кең мағынасы – парақорлық, қызметін асыра пайдаланып, заңсыз баю, лауазымды тұлғаларды, шенеуніктерді сатып алу.

Жемқорлық жайлаған қоғамда құндылықтар мен әлеуметтік рольдер ауысып кетеді. Мемлекет және қоғам мүддесі жеке, топтық, партиялық мүддеден төмен тұрады.

Елде жемқорлықтың өршуі қоғамдағы моральдің құлдырауына жеткізді, әлеуметтік саясат пен экономикада прогресті тоқтатты; құқық жүйесі мен демократияға орасан зиянын тигізді.

Жаппай парақорлық күнделікті өмірдің нышанына айналып кетті. Парақорлар тиісті жазасын алып жатқан жоқ. Сол себепті Република қозғалысы жемқорлықты мемлекет пен қоғамға қауіп төндіретін қылмыс қатарына теңестіруді ұсынады.

Мемлекеттік басқару

Заманауи мемлекет басқарудың реформалары

Қазақстанда мемлекетті басқару қазіргі заманда ешқандай талапқа сай емес. Сондықтан Республика қозғалысы заманауи талаптарға сай реформалар ұсынады. Реформа аясында демокртаияны дамытуға, ел азаматтарының өмірін жақсартуға бағытталған әлемдік тәжірибелердің бәрін ескеріледі. Мемлекеттік басқару мен халыққа қызмет көрсету саласындағы қағазбастылық жойылады.

Жергілікті өзін-өзі басқару

Тәуелсіздік жылдары көрсеткендей, жергілікті өзін-өзін басқарусыз, әкімдер сайланбайтындықтан, жергілікті бюджетті үлестіру бюджет қаржысының тоқтаусыз тоналуына әкеліп отыр. Жыл сайын бөлінетін қаржы тұрғындардың қажетіне жұмсалмайды.

Совет кезінде жасалған инфрақұрылым көп жерде жөнделмеген, жаңартылмаған. Ауылдарда әлі күнге дейін сапалы ауыз су мәселесі шешілмеген. Инфрақұрылымға қатысты проблеманың бәрін жергілікті әкімдіктер тиімді шеше алар еді. Республика қозғалысының мемлекеттік басқару саласын реформалаудағы басты мақсаты – әкімдерді сайлап, олардың халық алдында есепті болуын қамтамасыз ету. Осы арқылы біз республикалық маңызы бар қалаларда ғана емес, елдің барлық өңірінде азаматтардың өмір сапасын жақсарта аламыз.

Мәслихаттар сапалы қызмет атқаратын болады

Мәслихаттар ендігәрі тендерге жұмыс істейтін бизнесмендер жиналатын орын болмайды. Мәслихаттар жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғап, өмір сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Мәслихаттарды олигархиялық топтардың басып алуына жол берілмейді. Азаматтық қоғам белсенділері мен лидерлері, аймаққа не қажет екенін білетін мамандар ғана мәслихат депутаты бола алады.

Экономикалық реформалар

Қазақстан КСРО ыдырағаннан кейін әлем нарығына қосылды. Бірақ тәуелсіздік жолындағы алғашқы жылдарында биліктегі элита қазба байлықтарын жекешелендіріп, өндіріс пен ауыл шаруашылығын толықтай жойып, тұтастай жемқор жүйе құрды. Қазіргі күні Қазақстан табиғи ресурстарды экспорттап, дайын өнімді импорттайтын жетілмеген елге айналды. Ал шағын және орта бизнес көлеңкеде қалып қойды.

Шағын және орта бизнес бизнес – жұмыспен қамту мәселесін шеше алатын, отандық тауарлар мен қызметтерді нарыққа шығарып, бәсеке тудыруға ықпал етуші күш, орта таптың діңгегі.

Қарапайым салық кодексі

Қазақстанда жаһандық экономикадағы тиімді және қауіпсіз еркін сауда аймағын құруға болады. Мұны біз заңнамада салықтың екі түрін: 5% сатып алу және 10% әлеуметтік алымды бекітіп, басқа алым-салықтардың түрлерін – ҚҚС пен баж салығын кемінде 20 жылға алып тастау арқылы жүзеге асыра аламыз.

Әділ және ашық салық кодексін енгізу арқылы біз басқа заңдардың толық жұмыс істеуіне жол ашамыз, көлеңкелі бизнесті түгелімен көлеңкеден алып шығамыз. Сонымен қатар, биліктің жоғары эшелондарындағы коррупциялық әрекеттерге тосқауыл қоямыз. Себебі, қосымша құн салығы – сыбайлас жемқорлықтың қайнар көзі.

Бұл Қазақстанды әлемдегі экономикалық көшбасшы етеді,

қуатты, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын мемлекеттермен теңестіреді.

Бизнеске аса тиімді жағдай жасау мүмкіндігінен бөлек, еліміздың айрықша қолайлы аумақтық орналасуын ескеру керек – бұл біздің Еуропа және Азия нарығына жұмыс істеуге басымдық береді. Баж салығынан, алым-салықтардан және ҚҚС-тан босатылған тауарлардың әлем бойынша бәсекеге қабілеттілігі артады. Кеден және баж салықтарды алып тастау арқылы біз мемлекет аумағына тауарлар мен жүктерді еркін импорттауға және экспорттауға мүмкіндік береміз.

Салықтан босатылған еркін экономикалық аймақ құру инвесторлар мен корпорациялар үшін тартымды болады.

Қазақстанға әкелінетін тауарлардың бағасы шетелдегіден арзан болады. Қосымша құн салығын алып тастау қарапайым азаматтарға кез келген тауарды сатып алуға мүмкіндік береді, себебі ҚҚС-ты өндіруші немесе жеткізуші емес, соңғы тұтынушы, яғни елдің қарапайым азаматы төлейді.

Сайлау алдында тарифтерді төмендетеміз деп уәде беру – мағынасыз фикция. Себебі тарифтер мен тауар бағасы әлемдік экономикалық ауыспалы нарық жағдайында әрдайым өсе береді. Мың жылдық тарихта тауар ешқашан арзандамаған, ол тек қымбаттайды, әсіресе шикізат. Бірақ, салық кодексін өзгерту арқылы біз бағаның өсуі азаматтардың әл-ауқатына әсер етпейтін күшті және бай мемлекет бола аламыз. Ашық әрі түсінікті салық кодексі бар, ҚҚС, кеден және алым-салықтары жоқ елге міндетті түрде ақша да, тауар да, адам да келеді. Ал ақша, тауар және адам бар жерде табыс табуға мүмкіндік бар. Қазақстанда ақшаның, тауар мен адамның еркін қозғалысы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің бірден бір жолы.

Үкімет шағын және орта бизнеске араласпайды, кедергі келтірмейді

Көбі Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықты менталитетіміз не ұлттық ерекшелігіміз деп санайды. Бірақ шетелге шыққанда, ешқайсымызда пара беруге ниетіміз туындамайды. Демек, мәселе – мемлекетте және елдің заңдарында. Біз жаңа салық кодексін қабылдағанда жаңа мемлекетке айналамыз, салық комитетінің де қажеті болмайды. Жемқорлықты жеңу үшін симптомдармен күреспей, себебін жою керек. Сонда әр азамат салықты адал түрде өзі төлейді: сатып алу кезінде 5% және тауар не қызмет сату кезінде 10%.

Үкіметтің отандық тауар өндірушіні қолдауы – сол отандық тауар өндірушінің “өліміне” әкеледі. Себебі бір өндірушіні қолдау – басқа кәсіпкерлерді құлатып, бәсекенің мәнін жояды. Егер белгілі бір секторды мемлекет қолдап отырса, онда ол секторда проблемалар бар деген сөз: а) нарықтың үлесі аз; ә) тауардың сапасы нашар; б) бәсекеге қабілетсіз. Мемлекет бизнесті қолдаудың орнына, тұтынушының құқығын негізге алып, тұтынушының мүддесін қорғауы тиіс. Отандық өндірісті дамытудың басты шарты – мемлекеттің өндіріске араласпауы. Мемлекет бәсекені өлтірмеуі керек.

Білім саласын реформалау

Білім алу артықшылық емес, әр азаматтың құқығы.

Білім – жүйе қалыптастырушы институт. Білім саласына инвестиция – адам капиталына, ел болашағына салынған инвестиция.

Білім беру саласындағы проблемаларды шешу – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Алайда білім беру саласындағы жүйесіз реформалар педогаг мамандар мен оқушылардың дағдарысына әкеп соқтырды.

Азаматтардың білім алуға мүмкіндігі тең емес. Аз қамтылған және проблемасы бар отбасыдан шыққан студенттерді әлеуметтік қолдау жүйесі жоқ.

Ақылы мектептер мен ЖОО жүйесінің дамуы, ақылы білім беру қызметі үлесінің өсуі тегін мемлекеттік білім беру көлемінің азаюы немесе сапасының төмендеуі есебінен болғаны дұрыс емес.

Мектептің міндеті – қажет білімді беру ғана емес, жастарды қоғамдық өмірге дайындау, әлеуметтік қатынас тәжірибесін сіңіру.

Республика қозғалысының мақсаттары:

  • Білім мен ғылымға бөлінетін қаржы көлемін ЖІӨ-нің 8%-на жеткізу;
  • Тегін жоғары білім беру;
  • Педагогтардың жалақысын мемлекеттік қызметкерлердікімен теңестіру;
  • Стипендияны төменгі жалақы деңгейіне дейін көтеру;
  • Қоғамдық көлікті мектеп оқушыларына тегін ету, ал студенттерге 50% жеңілдік беру;
  • Балаларға қосымша үйірмелер мен спорт мектептерін бәріне бірдей қолжетімді ету;
  • Жас мамандар, мұғалімдер мен ғалым-педагог мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарлама жасау;
  • ЖОО Білім және ғылым министрлігінен дербес ету.
  • Білім беру жүйесін әр азамат сапалы білім алатындай етіп дамыту – Республика қозғалысының приоритеті.

Денсаулық сақтау саласын реформалау

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіндегі басты проблемалар: ескірген материалдық-техникалық база; білікті қызметкерлердің жетіспеуі; медициналық қызметтер сапасының төмендігі; қызметтің сапасын арттыру үшін мотивацияның төмендігі; жалақының төмендігі. Бұның бәрі қоғамның талаптарына сай келмейтін реформалар мен мемлекеттік басқару жүйесіндегі жағымсыз элементтердің нәтижесінде болып отыр. Денсаулық сақтау саласын қайта-қайта реформалау жағдайдың одан бетер ушығуына әкеп отыр.

Денсаулық сақтау саласындағы жүйесіз әрі келісілмеген реформалар еш нәтиже берген жоқ. Елде ауру және өлім көрсеткіштері өте жоғары. Адамдардың орташа өмір сүру жасы зейнет жасынан көп ұзақ емес.

Модернизацияны нарық заңдарымен шешуге тырысу денсаулық сақтау жүйесін ғана емес, сондай-ақ ештеңеге қарамай адамдардың өмірін құтқаруы тиіс дәрігерлік рухқа да жойқын әсерін тигізді. Бірақ денсаулық сақтау – қоғамдық және азаматтардың қауіпсіздігі сияқты маңызды функциялардың бірі.

Конституцияда тегін деп көрсетілгенімен, ақылы медициналық қызмет ауқымы жыл сайын артып келеді. Емделуге қаржылай мүмкіндігі жоқ, соның салдарынан сырқаты көбейген адамдардың саны да күрт артты. Бірақ жедел және стационарлық медициналық жәрдеп көрсету, мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсетуге бөлінетін мемлекет шығындары айтарлықтай артып отыр.

Тұрғындардың денсаулығы мемлекеттің есепке алынбаған экономикалық ресурсы екенін ескере отырып, Республика қозғалысы денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін төмендегідей мақсаттарды қояды:

  • ҚР Конституциясында көрсетілген азаматтарға мемлекеттік және жергілікті медициналық мекемелерде тегін қызмет көрсету, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету туралы қағидалардың сақталуы мен орындалуына кепіл болу;
  • Денсаулық сақтау жүйесінің негізі – мемлекеттік сақтандыру, ал медицианалық сақтандыруды мемлекет өз мойнына алады;
  • Мемлекеттік медициналық сақтандыру саласынан жеке компанияларды алып тастау, себебі пайда табу – мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы мақсатына сәйкес келмейді;
  • Медициналық стандарттар жүйесіне салалар бойынша нақты мерзімдерді орнату;
  • Тек өмірлік маңызы бар дәрілер ғана емес, барлық дәрілердің бағасы мен сапасына бақылау орнату;
  • Ел бойынша мемлекеттік әлеуметтік дәріханалар желісін құру;
  • Ауылдарда медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру. Ауыл дәрігерлеріне лайықты еңбекақы төлеу;
  • Медицина ғылымдарын дамыту үшін мемлекеттік қаржыландыруды арттыру.

Республика қозғалысының мақсаты – денсаулық сақтау саласында мемлекеттің бақылауын қайта орнату; азаматтың табысына, әлеуметтік жағдайына және тұрғылықты жеріне қарамай, бәріне тең медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету.

Денсаулық сақтау – бизнес емес, әр азаматтың құқығы!

Құқық қорғау органдарын реформалау

Қазақстандағы құқық қорғау жүйесі қазіргі уақытта мемлекеттік басқарудағы ең күрделі салалардың бірі. Құқық қорғау органдарының экономика мен қоғамның дамуының жалпы деңгейіне сай болмауы экономикадағы дамудың тежегіші ғана емес, қоғамдағы тұрақсыздықтың басты себептерінің бірі. Қылмыстарды таңдап тіркеу, күрделі қылмыстарды елемеу, кері байланыстың жоқтығы, полицияның заңсыз күш қолдану әрекеттері, бизнеске араласу секілді тұстары түбегейлі және толық реформа өткізуді талап етеді.

Құқық қорғау саласында қызмет көрсету сапасының төмендеуіне бірнеше жүйелі себеп бар:

• құқық қорғау органдарының тым орталықтануы;
• иерархиялық үйлестірудің басым болуы;
• басқарудың бірдей вертикальдарының көптігі;
• ашықтықтың болмауынан туындаған коррупция;
• сыртқы бақылаудың болмауы;
• жергілікті қауымдастықтармен және азаматтық қоғаммен байланыстың жоқтығы.

Билік негізгі себептерді шешудің орнына үнемі бақылауды күшейтіп отыр. Республика қозғалысы құқық қорғау жүйесін қайта құратын жүйелі реформаларды ұсынады.

Құқық қорғау органдары реформасының мақсаттары мен міндеттері

Құқық қорғау органдарының жұмысын қоғамның талаптарына сәйкестендіру;
Полицияның халыққа есеп беруін қамтамасыз ету;
Азаматтардың полицияға сенімін арттыру;
Заңсыз күш қолдану, істерді бұрмалау, жемқорлық пен мәжбүрлеуден тазалау;
Қылмысты тіркеу кезіндегі ішкі кедергілерді жою;
Құқық қорғау органдарының елдің инвестициялық климатына кері ықпалын тоқтату, бизнеске қысым көрсетуді доғару;
Қоғамдық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресте полиция жұмысының нәтижесін арттыру;
Жедел жұмыстардың заңды түрде болуын құқық қорғау органдарын өзара бақылауы жүргізілуі қажет;
Қылмыс көрсеткіші сияқты құқық қорғау органдарының жұмысын бағалайтын бейтарап қоғамдық бақылау орнату.

Реформаның мақсаты – құқық қорғау органдарына азаматтардың сенімін қайтару. Полиция саяси режимнің күзетшісі емес, халыққа қызмет етуі керек.

Әлеуметтік мемлекет

Конституцияда Қазақстан әлеуметтік мемлекет деп көрсетілгенімен, іс жүзінде біз мемлекеттің ешқандай критерий бойынша әлеуметтік мемлекет деуге келмейтінін көріп отырмыз. Жұмыссыздық деңгейі өте жоғары, жан басына шаққандағы табыс көлемі төмен, ал олигархтарға ерекше жағдай жасалған.

Жұмыссыздық, төмен жалақы және әлеуметтік теңсіздік проблемаларын шешу үшін Республика қозғалысы төмендегідей қадамдарды ұсынады:

  1. Денсаулық сақтау мен білім беру саласында тең мүмкіндік беру
  2. Мемлекеттің міндеті – қазынаға түскен табысты әділ басқару. 3. Сапалы денсаулық сақтау және заманауи білім беру – артықшылық емес, Қазақстанның әр азаматының құқығы.
  3. Ең төменгі жалақы қоғамдағы абырой өлшеміне сай келуі тиіс. Жұмысшылардың жалақысы төменгі көрсеткіштен аз болмауы керек. Жалақы көлемі еңбек нарығындағы көрсеткіштердің өзгеруіне қарай тұрақты жаңарып тұрады. Төменгі жалақы көлемі талаптарын сақтамаған жұмыс берушілер заңға сәйкес жазаланады.
  4. Тегін жоғары білім. Жоғары білім саласының сапасын арттыру үшін күрделі реформалар жасалуы керек. Жоғары білім алу – әр адамның құқығы.
  5. Бәріне ортақ әлеуметтік әділдік
  6. Аймақтарды дамыту ісінде әлеуметтік әділдік сақталады. Республикалық бюджет үш негізгі қаланы ғана қолдамайды. Мақсатымыз – Қазақстанның бар аймағын теңдей дамыту.
  7. Кедейлікпен күрес. Кедейлікпен күрес – жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Қазақстан кедейсіз мемлекет болуы керек.

Әлеуметтік мемлекеттің осындай ұстанымдармен заманауи мемлекет құруға ұмтыламыз. Осылай ғана барлық азаматқа бірдей денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және мәдениетке көңіл бөлетін гүлденген қоғам құруға болады.

Әлеуметтік мемлекеттің басқа да мақсаттары

25 жыл еңбек өтілінен кейін зейнетке шығу:

Зейнетке шығу жасымен емес, жұмыс өтілімен есептеледі. Азаматтар зейнетке шығу үшін белгілі бір жасты күтпейді, оның орнына 25 жыл еңбек өтілінен кейін зейнетке шығады.

Жұмыссыздарды қолдау:

Түрлі себептермен жұмыссыз қалған азаматтар бюджеттен көмек алады.

Кедей азаматтарды қолдау:

Кедейлік шегінен төмен табыс табатын азаматтар лайықты атаулы әлеуметтік көмек алады.

Мемлекет табысынан зейнеткерлерді қолдау:

Мемлекет табысының бір бөлігін зейреткерлерге үлестіреді.

Жесірлер мен жетім балаларға төмен жалақы көлемінде қолдау көрсету:

Әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жетім балалар мен жесірлерге бюджеттен төменгі жалақы көлемінде көмек беріледі.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау:

Мүмкіндігі шектеулі, еңбекке жарамсыз азаматтарға табыс көлеміне қарамай, мемлекет бюджетінен көмек беріледі.

Жалпыға ортақ әлеуметтік қауіпсіздік

Азаматтардың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – заманауи қоғамның басты мақсаты. Республика қозғалысы жұмысшылардың, зейнеткерлердің, жұмыссыздардың, мүмкіндігі шектелуі азаматтардың, ауыл тұрғындарының, үй шаруасындағы азаматтардың, жағдайы төмен азаматтардың, жесірлер мен жетімдердің әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұлттық табысты бөлісеміз.

Азаматтардың бәрі лайықты өмір сүру үшін тең жағдай жасалады.